Қазақстандықтар Денис Евсеев пен Бейбіт Жұқаев Қытайдағы Шэньчжэн челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды Kazinform.
Дүниежүзілік рейтингте 260-орында тұрған Д.Евсеев алғашқы айналымда жұптық сында 2015 жылғы Аустралия ашық чемпионатының және 17 ATP жарысының (соның 9-ы жекелей сында) жеңімпазы, әлемнің бұрынғы 9-ыншы, қазіргі 128-ракеткасы Фабио Фоньинимен кездесті.
Атақты қарсыласын 6:4, 7:6 (8:6) есебімен сүріндірген қазақстандық теннисші екінші айналымда қытайлық, рейтингте 585-орындағы Цуй Цземен сынға түседі.
Сондай-ақ әлемнің 302-ракеткасы Б.Жұқаев бастапқы кездесуінде рейтингте 610-сатыдағы корт иесі Ли Чжэні жолдан тайдырды – 6:4, 6:4.
Бейбіт ширек финалға шығу үшін әлемнің 69-ыншы, доданың 1-ракеткасы, аустралиялық Танаси Коккинакиспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина бастаған теннисшілердің әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).