Денис Евсеев Қытайдағы турнирдің ширек финалына өтті

Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 364-ракеткасы Денис Евсеев Цзиншан (Қытай) челленджер турнирінің ширек финалына шықты. 

Қазақстандық теннисші алдымен әлемнің 215-ракеткасы, хорватиялық Борна Гойоны жолдан тайдырды — 6:4, 7:5.

Денис Евсеев екінші айналымда әлемнің 135-ракеткасы, америкалық Колтон Смитке қарсы келді.

Бірінші партияда америкалық теннисші 6:3 есебімен басымдық танытты. Содан кейін Денис ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді — 6:3, 6:3.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Евсеев 7 брейк-пойнттың бесеуін құр жіберген жоқ.

Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 159-ракеткасы, германиялық Янник Ханфманмен таласады.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында жеңіліп қалғанымен, турнирге қайта шақыртылған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның Бейжіңдегі турнирдің екінші айналымында кіммен кездесетінін жазған едік.