АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев Шэньчжэнь (Қытай) челленджер турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 6-ракеткасы Денис Евсеев екінші айналымда әлемнің 262-ракеткасы, аустралиялық Филип Секуличпен кортқа шықты.
Тартысты өрбіген бірінші партияда Евсеев тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Екінші сет оған оңайлау тиді – 6:3.
Бір сағат 40 минутқа созылған бәсеке барысында Денис 8 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Секулич 3 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 223-ракеткасы, эстониялық Марк Лаял немесе рейтингіде 253-сатыдағы ұлыбританиялық Артур Феридің қай жеңгенімен таласады.
Д.Евсеев ATP Live рейтингісінде 171-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Мадридте әлемнің 3-ракеткасымен кортқа шығатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).