Денис Евсеев Португалияда Бейбіт Жұқаевты жеңіп, жартылай финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 177-ракеткасы Денис Евсеев Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Евсеев ширек финалда отандасы, әлемнің 174-ракеткасы Бейбіт Жұқаевпен жолы түйісті. Бірінші партияда Денис 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Бейбіт есе қайырды – 6:2.
Шешуші, үшінші сетте Евсеев сәтті ойнады – 6:3. Екі сағатқа созылған матчта Жұқаев 7 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Евсеев 3 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Денис Евсеев финалға шығу үшін әлемнің 200-ракеткасы, швециялық Элиас Имермен таласады.
Қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде Д.Евсеев 165, Б.Жұқаев 169-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада алғаш рет Азия теннис федерациясы директорлар кеңесінің мүшелері бас қосқанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Анна Данилина Италиядағы жарыстың финалына жолдама алды.