АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші, әлемнің 340-ракеткасы Денис Евсеев Порто (Португалия) челленджер жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингте 541-орында тұрған португалиялық Жоао Домингешті жолдан тайдырды - 6:2, 3:6, 6:3.
Екінші айналымда әлемнің 189-шы, доданың 6-ракеткасы, америкалық Эмилио Наваның меселін қайырды - 3:6, 6:3, 7:5.
Евсеев 1 сағат 44 минутқа созылған кездесуде 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді. Қарсыласы 5 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Енді ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 297-ракеткасы, франциялық Жюль Мари немесе рейтингте 350-сатыдағы португалиялық Гаштау Элиаштың біреуімен таласады.
Д. Евсеев өткен аптада Астанада Президент кубогы үшін челленджер турнирінің жеңімпазы атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Аустриядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).