АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 160-ракеткасы Денис Евсеев Бостад (Швеция) ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтады.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 290-ракеткасы, франциялық Мануэл Гинармен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда М.Гинар 6:4 есебімен басымдылық танытты. Бұдан кейін Д.Евсеев ойын тізгінін қолға алып, камбэк жасай білді – 6:4, 6:3. 2 сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Денис 5 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Гинар 1 эйс, 2 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, Бостадтағы негізгі жарыста Қазақстаннан Тимофей Скатов пен Денис Евсеев ойнайтын болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Швецияда негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).