АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 362-ракеткасы Денис Евсеев Ченнай (Үндістан) челленджер турнирін сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда 271-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, франциялық Флоран Баксқа қарсы келді.
Бірінші партияда Евсеев 3:1 есебімен алға кеткенімен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады – 5:7.
Есесіне екіншісінде қарымта қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық спортшы брейк жасап, 3:2 есебімен алға шыққан мезетте Бакс матчты жалғастырудан бас тартты.
Екі сағат 16 минутқа созылған бәсекеде Евсеев 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Бакс 5 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, 1/8 финалға жолдама алған Денис Евсеевтің келесі қарсыласы кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жеңісті жолын Дохада жалғастыра ала ма, соны жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина әлемдік рейтингіде ТОП-10-ға қайта кірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).