АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Никиша шорт-тректен Алматы қаласында өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Денис Никиша өзінің оң жамбасына келетін қашықтығы – 500 метрде жүлдегерлер қатарына қосылды. А финалында өнер көрсеткен Денис мәре сызығын екінші болып қиды. Бірінші және үшінші орындарға оңтүстіккореялық спортшылар ие болды.
Осы жеңісінен кейін Д. Никиша әлемдік рейтингіде үздік ондыққа еніп, тоғызыншы орынға көтерілді. Бұл – Денис Никишаның әлем кубогі кезеңіндегі биылғы екінші табысы. Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қаласында өткен кезеңде де ол күміс медальға ие болған еді.
Алматы кезеңінде басқа шорттрекшілеріміз жүлдеге іліге алмады.
Алдағы аптада Алматыда әлем кубогінің тағы бір кезеңі өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорт-тректен әлем кубогі кезеңінде Қазақстан тағы екі медаль алғанын жазған болатынбыз.
Фото: olympic.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).