Денис Никишаны жерлестері әуежайда қарсы алды
00:10, 19 Наурыз 2024
АСТАНА. KAZINFORM — Шорт-тректен Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта күміс жүлде иеленген Денис Никишаны Астана қаласының әуежайында салтанатты түрде қарсы алды.
«Ересектер арасында шорт-тректен күміс медаль алғанымды әлі де толыққанды сезінбедім. Иә, чемпион атанбадым деген өкініш бар. Десе де бұл жүлде қазақ спорты үшін маңызды. Миландағы қысқы Олимпиадаға екі-ақ жыл уақыт қалды. Бұл жүлде психологиялық тұрғыдан сенімділікті арттырып, басты мақсатым — Олимпиада тұғырында жоғарыдан көрінуге көмектеседі деп сенемін», — деді Денис Никиша.
Сондай-ақ, Денистен бөлек, ұлттық құрама сапында шорт-тректен жасөспірімдер әлем чемпионатында әйелдер бәсекесінде алғашқы күміс медаль алған Алина Ажғалиева да бар.