Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Шоуға келетін болсақ, идеялар бар. Қазір әкімшілік жұмыстар мен ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқылануда. Барлығы ойдағыдай орын алып, мұз шоуын ұйымдастыруға мүмкіндік болатынына үміттенемін. Себебі ұсыныстар көп, осы жобаға қатысты үміт те көп», - дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, шоуды ұйымдастыру жөнінде шешім жасалса, оны жыл сайын жетілдіріп отыру керек. Денистің пікірінше, қазақстандық шоу өзінің жұлдыздар құрамымен ерекшеленеді.
«Ол - спортты, өнерді және керемет көңіл күйді біріктіретін тамаша жоба. Бірінші жылы шоу жасадық және ол әлемдік қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Былтыр оған шет мемлекеттерден туристер де келе бастады. Бұл қуанышты жағдай, әдетте біз бір жерлерге барамыз, ал осы жағдайда бізге келіп жатыр. Биыл да маған мұз шоуын өткізу жөнінде көптеген тілектер келді. Бұл жоба біздің адамдарға мәнерлеп сырғанаудағы ең жарық жұлдыздарды өз көзімен көруге мүмкіндік сыйлады. Себебі футболда Месси мен Роналду қандай жұлдыз болса, олар да мәнерлеп сырғанау әлемінің ең даңқты жұлдыздары саналады», - деді ол.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының сөзіне қарағанда, шоуды трансляциялау құқығын иеленуге бірнеше шетел телевизиясы мен режиссерлері үлкен қызығушылық таныта бастаған.
«Қазір маған телевизиялық құқыққа иелену жөнінде бір компания шығып жүр. Біздің қазақстандық мұз шоуын шетелге көрсетсе, қандай керемет болатынын елестетіп көріңіздерші! Барлығы белгілі болғаннан соң, мен осыған қатысты тағы арнайы баспасөз мәслихатын жасап, барлығын айтып беремін», - деді Д.Тен.
Қазіргі уақытта ол 2018 жылы өтетін Қысқы Олимпиадада жеңіпаз атануды мақсат тұтып отыр. Сонымен қатар ол командалық әлем чемпионатына арнайы қонақ ретінде шақырылып отыр.
Еске салсақ, биыл наурызда Шанхайда өткен Әлем біріншілігінде Д.Тен Қазақстан қоржынына қола медаль салған болатын. Д.Тен Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан әлемдік біріншіліктерде және Олимпиада жарыстарында жүлде салған алғашқы спортшы екенін айта кеткен жөн.