Vesti.kz сайтының хабарлауынша, 19 жастағы Д.Тен еркін бағдарламаның нәтижесінде 174,92 ұпай жинап, бірінші орын алды. Ал қысқа және еркін бағдарламалардың жиынтық ұпайы - 266,48 болып, нәтижесінде «күміске» ие болды.
Теннің алдын ораған әлемнің үш дүркін чемпионы канадалық Патрик Чан болды, жиынтық ұпайы - 267,78. Үшінші нәтижені испандық мәнерлеп сырғанаушы Хавьер Фернандес көрсетті - 249,06 ұпай.
Тағы бір қазақстандық спортшы Абзал Рақымғалиев қысқа бағдарламада 59,14 балл жинап, 28-інші орынды місе тұтты. Бұл оған жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермеді.
Айта кетейік, 2012 жылы өткен әлем чемпионатында Д.Тен жетінші болды. Ал 2013 жылдың ақпанында өткен Төрт құрлықтың чемпионатында тек 12-інші нәтижені көрсете алды.