Денис Тен: Менің тағы бір мақсатым - ата-анамды қуанту

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұзда мәнерлеп сырғанау бойынша Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс алқасының иегері Денис Тен әлеуметтік желілер арқылы қазақстандықтарды өз ата-аналарын құрметтеуге үндеді.

«Өзімнің осы уақытқа дейін түйгендерімді сіздермен бөлісемін. Спорттағы бүгінгі жетістіктерім үшін бүкіл өмірімді арнадым. Бұл үшін жалғыз мен емес, ата-анам да өзінің 21 жылдық өмірін менің осындай белестерді бағындыруыма арнады», - деп жазды Денис Instagram-дағы өзінің парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, спорттағы армандарына қол жеткізуі үшін Денистің жанұясы талай сыннан өткен. «Бастапқыда жалғыз болған едік. Кейін ісіміз нәтижелі болып, біздің еңбегімізді бағалап, бізді қолдаған адамдар пайда болды. Жыл өткен сайын біртіндеп мені қолдаушылар тобы құрыла бастады, ол - жанкүйерлерім, «Астана» кәсіби президенттік клубы және бүтін бір мемлекет!», - деп атап өтті спортшы. Ол бар күш-жігерін Қазақстанның даңқын асырып, әлемдік аренада өзіндік ізін қалдыру үшін жұмсайтынын атап өтті. «Менде бұдан басқа тағы бір мақсат бар, ол - жанұямды жүлделеріммен, сыйлықтармен және өзге де жағымды жаңалықтарыммен қуанту. Олимпиададан кейін Ахметжан Есімов маған құнды сыйлық - «Chevrolet» автомобилін тарту етті. Мен оны ағама сыйладым. Алматыға жиі келмеймін, ал бауырым үшін ол өте қажет. Ал «Central Park» ТҮК мені және отбасымды керемет сыйлығымен таң қалдырды. Мұз айдын маңында орналасқан пәтер - бұл әрине, арман. Рахмет! Бұл менің жанұяма арналған сыйлық, өйткені нағыз батырлар - солар. Бүгінгі жетістіктеріме солардың арқасында қол жеткіздім. Ата-аналарыңды құрметтеңдер», - деп түйді Денис. Еске сала кетейік, өткен аптада Алматыда Денис Теннің журналистермен және спортшының жанкүйерлерімен брифингі ұйымдастырылды. Жиында оған жаңа пәтердің кілті табыс етілді.