Денис Тен Жапониядағы командалық әлем чемпионатында өнер көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Денис Тен Токио қаласында өткен «World Team Trophy» мәнерлеп сырғанау бойынша командалық әлем чемпионатында арнайы қонақ ретінде қатысып, өз өнерін паш етт, деп хабарлады sports.kz.

Сыйлық қоры миллион долларды құрайтын жарыста АҚШ құрамасы жеңіске жетті. Бір ұпайға ғана артта қалған ресейліктер екінші орынға, алаң иелері үшінші орынға ие болды. Денис Тен шақыртылған гала-көрсетілім жарысты ғана емес, биылғы чемпионаттың маусымын жапты.

Атап өту керек, World Team Trophy сынына 2 мәнерлеп сырғанаушы ғана шақыртылды. Солардың бірі 21 жастағы қазақстандық, төрт құрлық чемпионы Денис Тен. - Әрине, осындай беделді турнирге шақырғанына ризамын. Бұл жарыс стадионға мыңдаған адам жинап қана қоймай, естуімше, Жапонияда халықтың 20 пайызы телеарналар арқылы тамашалаған. Бұл мәнерлеп сырғанаудың танымал екенін, көпшіліктің қызығушылық танытатынын көрсетеді. Спорттың бұл түрін жоғары бағалайтын мұндай қоғам алдында өнер көрсету үлкен қуаныш, - деді Олимпиада ойындарының қола жүлдегері «Хабар» арнасына берген сұхбатында.