Михаил Шайдоровтың қысқа бағдарламадағы өнерін төрешілер жоғары бағалады. Ол техникалық элементтердің барлығын дерлік мінсіз орындап, 92 ұпайға ие болды. Құрама басшысының айтуынша, бұл – әлемдік деңгейдегі мықты қарсыластар ортасындағы лайықты көрсеткіш.
– Михаилдың бесінші орын алғаны – сенсация емес, бұл оның еңбегіне лайықты орын. Техникалық элементтері, секірімдері мен айналымдары «плюс» зонасында орындалды. Төрешілер компонент бағасын, образ, костюм, музыка сәл төмендеткенімен, ол шешуші рөл атқармайды. Ең бастысы – Михаил қазір әлемдік рейтингіде үшінші орында тұр және ол мұз үстінде өзіндік қолтаңбасы бар спортшы, – дейді Айза Мәмбекова «Jibek Joly» телеарнасының «Live» бағдарламасында.
Маманның айтуынша, алдағы еркін бағдарламада Михаил Шайдоров әлемде тек өзі ғана орындай алатын бірегей элементтерді паш етпек. Бұл каскад оның Олимпиададағы басты қаруы болмақ.
– Еркін бағдарламада бес «ультра-си» элементі жоспарланған. Оның ішінде үш айналымды аксель, ойлер және төрт айналымды сальховтан тұратын каскады бар. Бұл элементті қазір әлемде тек Михаил ғана мінсіз орындай алады. Бұл – оның визит картасы десек те болады. Егер барлығы ойдағыдай өтсе, біз медальдан үміткерміз, – деп атап өтті құрама басшысы.
Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров бұған дейін Төрт құрлық чемпионатында жеңімпаз атанып, әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген болатын. Бүгін спортшы Олимпиаданың еркін бағдарламасында жүлделі орындар үшін тартысқа түседі.