Денсаулық сақтау инфрақұрылымының цифрлық картасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы нысандардың цифрлық картасын әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
– 2024 жылы 10 өңір бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымы нысандарының цифрлық картасы әзірленіп, ол Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен ішінара интеграцияланды. Қалған 10 өңірге қатысты жобаны 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама әзірленіп, онда 40-тан астам іс-шара көзделген. Атап айтқанда, ұзақ мерзімді өңірлік шеберлік жоспарларын дайындау – негізгі міндеттердің бірі.
– Қазіргі таңда Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе, Ұлытау және Жетісу облыстары бойынша шеберлік жоспарларын әзірлеу аяқталды. Қалған өңірлер бойынша жұмыс жалғасып жатыр, – деді ол.
Сондай-ақ вице-министрдің мәліметінше, елімізде денсаулық сақтау саласындағы 34 зәкірлік жобаны жүзеге асыру көзделген. Соның ішінде үш жоба – Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Ұлттық шұғыл медицина орталығы іске қосылды. Ал Алматыда Ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталығы биыл пайдалануға беріледі.
Бұған дейін, емханалар мен стационарлардағы медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында денсаулық сақтау министрлігі халықаралық стандарттарға сай диагностикалық рәсімдерді оңтайландыру жұмыстарын жүргізілгенін жазғанбыз.