Денсаулық сақтау министрі қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берді

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова донорлық жөніндегі өз еркін көпшілікке жария етті.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

— Бүгін көптен бері қабылдаған — қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру жөніндегі өз еркімді білдіруімді тіркеу туралы шешімімді көпшіліктің алдында жариялағым келеді. Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін болғандықтан. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық — өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмірден өткеннен кейін де көмектесудің бір жолы, — деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда шамамен 184 мың адам өз еркін білдіруін eGov арқылы тіркеп қойған. Келісім білдірушілер саны артып келеді. Алайда күту парағындағы әрбір санның артында өмірін сақтап қалуға деген үміт бар.

Бүгінде 4 867 отандасымыз трансплантаттауды күтуде:

  • 4 311 адамға — бүйректі;
  • 212 адам — жүректі;
  • 314 адам — бауырды;
  • 30 адам — өкпені трансплантаттау қажет.

— Біз қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту — денсаулық сақтау жүйесінің ғана міндеті емес екенін үнемі айтып келеміз. Бұл — қоғамның сенімі, ашық қоғамдық диалог және әр адамның саналы түрде қабылдаған шешімі, — деп түйіндеді министр.

Осыған дейін Аида Балаева ағза донорлығына келісім беретінін айтты.