Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған фастфуд жарнамасын шектеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант, тұз, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары азық-түлік өнімдерінің, оның ішінде фастфуд пен тәтті сусындардың балаларға бағытталған жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі.

Фото: Pixabay

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Ол мұндай жарнаманың зиянды әдеттердің қалыптасуына ықпал ететінін, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыратынын және елдің еңбек әлеуетіне кері әсер ететінін атап өтті.

Заңнамалық бастамалардың негізгі мақсаты – балалардың тағамдық талғамына маркетингтік ықпалды азайту және ерте жастан бастап дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға ықпал ету.

Азық-түлік өнімдерінің жарнамасы балалар мен жасөспірімдерге айтарлықтай әсер етеді. Олар жарқын қаптамаға, әлеуметтік желілер мен блогерлер арқылы жарнамалауға және басқа да маркетингтік құралдарға көбірек бейім келеді.

«Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоларда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева аппараттық кеңесте сөйлеген сөзінде.

Зерттеу деректеріне сәйкес, 6–9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.

Заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып әзірленді.

Қазақстанда дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірқатар шара қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. 2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Ол рациондағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесін арттыруды көздейді.

Өңірлерге профилактикалық жұмысты күшейту және балалар мен ата-аналарға дұрыс тамақтану қағидалары туралы ақпарат беруді арттыру тапсырылды.

Ұсынылып отырған шаралар жекелеген өнімдерге тыйым салуға емес, олардың балалар арасында насихатталуын шектеуге және дұрыс таңдау жасауға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Осыған дейін Қазақстан өңірлерінде фастфуд бағасы қалай өзгергені турал статистикалық мәліметтерді жарияладық.