Денсаулық сақтау министрлігі қосымша медициналық білім беру ұйымдарының жаңа тізбесін бекітті
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізімін қалыптастыру тәртібін жаңартты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Жаңа ережелер медициналық кадрларды даярлау сапасын жақсартуға және білім беру ұйымдарының қызметін бақылауды күшейтуге бағытталған.
Енді уәкілетті орган қосымша білім беру ұйымдарының тізімін екі бағыт бойынша бөледі: дәрігерлерді оқытатын заңды тұлғалар және орта медициналық персоналды даярлайтын ұйымдар.
– Тізімге енгізу үшін ұйымның қосымша медициналық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға құқық беретін ресми құжаттар болуы керек. Жаңа талаптар білім беру орталықтарының инфрақұрылымы мен ресурстық қамтамасыз етілу стандарттарын қатайтады. Ұйымдар міндетті аккредиттеуден өтіп, бекітілген оқу бағдарламаларын ұсынуы және халықаралық ақпараттық жүйелерге қол жеткізуі тиіс.
Сонымен қатар ұйымдарда білім беру қызметіне лицензия немесе ғылыми ұйым мәртебесі болуы, клиникалық база немесе практикалық дайындық жүргізуге аккредиттелген медициналық ұйымдармен келісім-шарт болуы талап етіледі. Заманауи симуляциялық жабдық, зертханалық база, компьютерлік технологиялар болуы және мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесіне қосылу да міндетті, - делінген хабарламада.
Министрлік ұйымдардың қызметін, оның ішінде көшпелі тексерулер арқылы жүйелі түрде бақылап, тізімді үнемі жаңартып отырады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, материалдық-техникалық база мен клиникалық ресурстардың нақты талаптарға сай болуы тексеріледі. Бұл талаптарды орындамайтын ұйымдардың тізімде болуына жол берілмейді.
Жаңа нормалар білім беру орталықтарын іріктеудің ашық жүйесін қалыптастырып, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру тек қажетті ғылыми әлеуеті, заманауи жабдықтары және клиникалық базасы бар ұйымдарда жүргізілуін қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.
Қабылданған өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға және медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Бұдан бұрын медицина қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіздігі күшейтілетінін жазған едік.