Денсаулық сақтау министрлігі күн өтуден сақтануға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстықта күн өтудің адам өміріне қауіп төндіретінін ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Фото: Қызылорда әкімдігі

Ведомствоның мәліметінше, күн өту – ағзаның қатты қызып кетуі салдарынан дене температурасын қалыпты деңгейде ұстап тұру қабілеті бұзылатын қауіпті жағдай.

– Уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, күн өту мидың, жүректің, бүйректің және басқа да өмірлік маңызды ағзалардың зақымдалуына, ал ауыр жағдайда өлімге әкелуі мүмкін, – деп ескертті министрлік.

Мамандардың айтуынша, күн өтудің негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қатты әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, сананың шатасуы немесе естен тану жатады.

– Егер мұндай белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен адамды салқын жерге шығарып, денесін салқындатуды бастау қажет, – делінген хабарламада.

Министрлік күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт далада болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл әрі ашық түсті киім киюге және бас киім тағуға кеңес береді.

Айта кетейік, Шымкент пен Түркістанда аптап ыстық жалғасатыны хабарланды.