Денсаулық сақтау нысандарында ересектерге арналған 11 мың төсек-орын тиімсіз пайдаланылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде медициналық нысандардың тозуы жоғары деңгейде. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасының жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленіп, алдағы уақытқа саланың негізгі міндеттерін, тәсілдерін және даму принциптерін айқындайды. Қазіргі кезде республикада 7 337 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде 663 стационарлық, ал 6 674 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны бар. Соңғы 5 жылда 400-ден астам медициналық нысан құрылысы салынып, 36 пайыздан астам нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жалпы сомасы 261 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Алайда, ғимараттардың тозуының жоғары деңгейде болуы өзекті мәселелердің бірі болып қалуда», - деді министр.

Оның дерегінше, жалпы 102 000 төсек қорындағы ересектерге арналған 11 000 төсек-орынның тиімсіз пайдалануы анықталып отыр. Нәтижесінде өңірлер арасында төсек-орындарымен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша айырмашылық байқалуда. Бұған қоса, 6 өңірде балалар бейіндерінің төсек-орындары артық жүктемемен жұмыс жасап, салдарынан 1 200 төсек-орындарының, оның ішінде жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге арналған төсек орындарының тапшылығы байқалады. Осы жылдың басында бұл тапшылық 2 мыңнан астамды құрады.

«Сондықтан, денсаулық сақтау инфрақұрылымы нормативтерге сәйкестендіріліп, төсек қоры қайта қаралатын болады. Осыған байланысты, министрлік тарапынан 10 000 адамға шаққандағы есеппен халықтың сұранысына сәйкес өңірлер бойынша төсек бейіндері бөлінісінде «стационарлық көмек көрсету бойынша қажеттілік нормативін» бекітті. Сонымен қатар әр аурухананың 1 төсек-орынға шаққандағы алаңдарының көлемдері әркелкі және тиісті талап көрсеткіштерінен артық. Төсек қорын ұтымды пайдалану жұмыстарын жүргізу үшін тиісті нормативтік актілер бекіту арқылы халықтың сұранысы бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылым жүйесі қайта сәйкестендіріледі. Сонымен қатар халық санының өсуіне байланысты амбулаториялық-емханалық ұйымдардың қуаттылығының жетіспеушілігі анықталып отыр», - деді Ақмарал Әлназарова.