Вице-министрі Ержан Шәкірұлы балалардың денсаулығы жақсарып, тез қалпына келуі үшін сапалы медициналық көмек көрсетуді тапсырып, жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.
Маңғыстау облыстық балалар көпбейінді ауруханасының директоры Гүлжан Ермекбаеваның айтуынша, жағдай тұрақталып келеді.
– Дәрі-дәрмек қоры мен төсек-орын жеткілікті. Медициналық қызметкерлер эпидемиологиялық жағдайға байланысты түнгі кезекшілікпен жұмыс істеуде. Қабылдау бөліміне келіп жатқан балалардың саны да азайып келеді. Бүгін 15 шақты бала үйлеріне шығарылуы мүмкін, - дейді Гүлжан Ермекбаева.
Еске салайық, Маңғыстауда Мұнайлы ауданында бір мектептің 500-ге жуық оқушысы астан уланып қалды. Олардың барлығы да мектеп асханасында тегін ыстық тамақ ішкеннен кейін ауырған. Осы оқиғадан кейін бүкіл ел бойынша мектептердің асханасы тексерілетін болды.