Денсаулыққа мониторинг: Оқушылардың шамамен 40%-ы көз ауруларына шалдыққан
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мектептер мен балалар мекемелерінде балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитариялық бақылау күшейтілді. Енді әр мектепте парталар мен орындықтардан бастап жарықтандыру мен микроклиматқа дейін тексеріледі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл хабарлады.
Спикердің айтуынша, балалар — ең осал топқа жатады және олар мемлекет тарапынан ерекше қорғауды қажет етеді.
— Біздің мониторинг нәтижелерімізге сәйкес, өткен жылы жалпы білім беретін мектептерде оқитын балалардың 7%-ында тірек-қимыл аппаратының, көру және жүйке жүйесінің әртүрлі патологиялары анықталды. Аурулардың басым бөлігі — көру органдарының аурулары (шамамен 40%), жүйке жүйесінің патологиялары (9,4%) және сколиоз (6%) — деді Манар Смағұл.
Оның айтуынша, аталған патологиялардың дамуына негізгі себептер — партада ұзақ уақыт отыру және жиһаздың дұрыс орналастырылмауы. Аталған аурулардың алдын алу және сырқаттанушылық деңгейін төмендету мақсатында жоспарлы тексерулер мен мониторинг барысында парталар мен орындықтардың оқушылардың бойына сәйкестігі, олардың сыныптарда дұрыс орналастырылуы, тақта мен алғашқы қатарлардың арақашықтығы бағаланады, сондай-ақ үй-жайларда жарықтандыру деңгейі, микроклимат және шу деңгейі тексеріледі.
Сонымен қатар, өткен жылы республикада қызылшаның 4 240 жағдайы тіркелген, олардың 3,5 мыңнан астамы балалар мен жасөспірімдерге тиесілі. Екпе салдырмағандардың үлесі шамамен 80%-ды құрайды.
— Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін вакцина алмаған балалар мен жасөспірімдер уақытында анықталып, ата-аналарға иммундаудың маңыздылығы түсіндіріледі. Бұл деректер балалар мекемелерінде бақылауды күшейтудің әлеуметтік маңызды және басым бағыт екенін көрсетеді, — деп толықтырды Манар Смағұл.
Айта кетейік, жоспардан тыс тексеруге қалай өтініш беруге болатыны туралы жаздық.