Денсаулық қоры не үшін құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстің жобасында Денсаулық қорын құру мәселесі қарастырылған. Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған мәселені қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоспарға сәйкес, қордың қаржысына денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру шаралары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың оны қосымша қаржы көзі ретінде пайдалана алады. Ал қордың қаражатын алкоголь және темекі өнімдерін шығаратын компаниялар аударып отырады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі акциз ставкасының 2 процентін қордың жарнасы ретінде бекітуді ұсынып отыр. Осының арқасында Денсаулық қорына жыл сайын шамамен 5-6 млрд теңге түседі деген болжам бар.

«Бүгінде министрлікте Денсаулық қорының стратегиясына қатысты нақты ұстаным жоқ. Қор қандай ережелер бойынша жұмыс істейді? Оның құрамына кімдер кіреді? Қорға түскен қаржы қалай таратылады? Оны кім және қалай бақылайды? Осы іспетті сұрақтар көп. Бүгінде осы саладағы компаниялардың салықтық жүктемесі де аз емес. Акциздің өзі өнім бағасының 50-60 процентін алып отыр. Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қорды бюджеттің есебінен қаржыландыру жағын ойластыру қажет. Сонда бизнеске қосымша салықтық жүктеме түспейді», - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бүгінгі тыңдауда темекі өнімдерін сатуға қатысты шектеулер де талқыға салынды. Атап айтқанда, кодексте білім мекемелерінен 100 метр қашықтықта темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Бұдан бөлек, темекі өнімдерін сөреге қоюға болмайды. Ал шағын сауда орындары (ауданы 10 шаршы метрге дейінгі) темекіні мүлдем сата алмайды.