Денсаулық министрлігі ақпаратты жариялауға тыйым салмайды - Алексей Цой

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігі қандай да бір мәліметті жариялауға тыйым салмаған, тыйым салмайды да. Бұл туралы ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден Денсаулық сақтау министрлігі қандай да бір мәліметті жариялауға тыйым салмаған, тыйым салмайды да. Бұрынғы айтқан сөзімнің контексінен индикатор туралы сөйлегенім жұлынып алынып, жарияланған. Біз аймақтардың жұмысын 19 индикатор бойынша бағалаймыз. Сол индикаторлардың ішінде негативті ақпараттар бойынша бөлік болған. Мұндағы мағына тыйым салуда емес, бұл біз үшін тригер – жұмыс қаншалықты тиімді жүргізілуде? Медициналық көмек қаншалықты дұрыс көрсетілуде, қызметкерлер қаншалықты кәсіби, халық қолжетімді көмекті алып жатыр ма – егер негативті пікірлер тым көп болса, яғни халықпен дұрыс жұмыс жүргізілмей жатыр деген сөз. Демек біз осылайша халыққа көмектің немесе ақпараттың уақтылы жетпегенін бақылап отырамыз. Мағына басқа еді. Алайда бәрі оны қадағалау деп түсініп қалған болуы керек. Бұл – қоғамның көңіл-күйін бағамдау», - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша осылайша әлеуметтік желілер мен жарияланымдарға талдау жүргізіліп, аймақ басшылығы мен өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының жұмысына баға беріледі.

«Бұл – халықтың көңіл-күйінің барометрі. Басқа ештеңе жоқ. Блоктауды ешқашан жоспарлаған емеспіз. Қоғам ұйымдарымен бірге «Қоғамдық бақылау» жобасын да жүргізіп жатқанымызды білесіздер. Өңірлердегі әріптестеріміз, еріктілеріміз қазір дәріханаларға барып, бағасын, қолжетімділігін тексеруде», - деді ол.