Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов мәлім етті. Еске салсақ, комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен отырыста еліміздегі мектеп оқушыларын бұқаралық спортқа тәрбиелеу мәселелері қаралған болатын.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы ведомство тарапынан мектеп оқушылары арасындағы ауруларға талдау жасалған.
«Нәтижесінде әрбір үшінші оқушының көз ауруларына шалдыққаны, әрбір алтыншы оқушының жүйке жүйесі ауруларына бейімдігі, ал әрбір жетінші оқушы омыртқа ауруларына душар екені белгілі болды. Тіс құртының мектеп жасындағы оқушылар арасында таралуы 90 пайызға артса, пародонтит 70 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында анемия мен тыныс алу органының аурулары кеңінен тараған», - дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов.
Оның айтуына қарағанда, мұндай жағдайдың орын алуына басты себеп - мектептердегі дене шынықтыру сабақтарының жеткіліксіздігінен, спорт орталықтары мен шынығу залдарының қолжетімсіздігінен, сондай-ақ мектептегі спорт алаңдарының жеткілікті түрде жарақталмағандығынан орын алып отыр. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігі мектептердегі медициналық бекеттердің сапасын арттырудың қажеттігін де алға тартады. Ал мұндай медпункттер негізінен Денсаулық сақтау министрлігіне емес, Білім және ғылым министрлігінің қарамағында екен.
«Қазіргі таңда жалпы орта білім беретін мектептердегі штатта бір ғана медицина қызметкері бар. Ол оқушыларға қажетті иммундық алдын алу шараларын да, химиятерапияны да, тереңдетілген медициналық тексеруді де жүргізе алмайды. Сонымен қатар, бізді медициналық пункттері бар мектептер санының тым аздығы да алаңдатады. Олар 6256 немесе барлық мектептің 85,8 пайызын ғана құрайды. Сондықтан да мектептердегі балалар денсаулығының жағдайы алаңдатарлықтай», - дейді вице-министр.