Денсаулық министрлігі мен фармацевтикалық фирмалар арасында дәрі бағасын ұстап тұру туралы меморандумға қол қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен фармацевтикалық фирмалар арасында дәрі-дәрмек бағасын ұстап тұру туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

«13 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова «Фармқызметті қолдау және дамыту қауымдастығымен», фармацевтикалық өнімдер дистрибьюторларымен, фармацевтикалық фирмалар өкілдіктерімен, «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» қауымдастығымен, «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» ЗТБ дәрілік құралдарға бағаны ұстап тұру туралы Меморандумға қол қойды», - делінген ақпаратта.

Ведомствоның атап өтуінше, Меморандумға қол қоюдағы мақсат - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмеген, әлеуметтік осал және аз қамтылған тұрғындар жиі қолданатын 200-ден астам дәрілерге баға шегін белгілеу және дәрілерге қойылатын үстеме бағаны төмендетуге бағытталған өзге де іс-шаралар қабылдау.