«Денсаулық» пойызы - Сыр өңірінде

ҚЫЗЫЛОРДА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Денсаулық» пойызы өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Айгүл Нұрманова хабарлады.

Осы игі істің арқасында Қызылорда облысына қарасты елді мекендер тұрғындары тегін диагностикалық-кеңестік дәрігерлік көмек алуға және үздік мамандарға қаралып, денсаулықтарын көрсетуге мүмкіндік алып отыр. «Денсаулық» пойызы Алакөл, Ойынды, Ордазы, Майлыбас, Төретам стансаларында болып, Тереңөзек кентіне келді.

Аталмыш пойыз әрбір стансаға 2-3 күн тоқтап, жол айырығындағы тұрғындарды медициналық тексеруден өткізді.

Тексеру нәтижесінде бірқатар пациенттерден - қан аздық, бүйрек ауруы, өкпе ауруы, асқазан жарасы және тағы да басқа ауру түрлері анықталды.

Пойыздың төрт вагоны заманауи үлгідегі технологиялық дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Cонымен қатар мұнда кішігірім оталар жасауға да болады. Ал шалғай елді мекен тұрғындарына барлығы да тегін. Дәрігерлер күніне 200-300-ге жуық адамның денсаулығын тексереді.

Тұрғындар бүкіл отбасымен, балаларымен қаралуға келуде. Балалар үшін бөлек кезек бар. Халық мұның өте ыңғайлы екенін айтуда, әсіресе, денсаулық талдамасының қорытындысын бірден қолға беретіндігі уақытты үнемдеуге тиімді.

15 дәрігердің әрқайсысының өз кабинет-купелері бар. Жалпы негізінен тіпті аудандық ауруханада жетіспейтін офтальмолог, маммолог, невролог секілді мамандарға көріну ауыл тұрғындары үшін аса маңызды болып отыр.

Емдік-сауықтыру пойызы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Бұл Төтенше жағдайлар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның бірігіп қолға алып отырған жұмысының бірі. Барлық облыстарда көрсетілетін дәрігерлік көмек пен қызметке жергілікті Темір жол ауруханасының дәрігерлері қатыстырылады.

Адам жанының арашасы, абзал жандар Сыр өңіріндегі жұмыс күндерін аяқтағаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысына жол тартады.