Денсаулық сақтау: БҚО-ға соңғы бес жылда 400-ден астам жас маман келді (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына соңғы бес жылда 402 жас маман келсе, соның тең жартысы ауылдық жерлерге жіберілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, 2011 жылы өңірге 43 (20-сы ауылдарда орын тепті), 2012 жылы 82 (34), 2013 жылы 126 (64), 2014 жылы 64 (32), биыл 87 маман (52) келді. Солардың 30-35 пайызы - басқа өңірдің азаматтары. Қазіргі кезде Батыс Қазақстанда Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай облысынан қоныс аударған дәрігерлер жұмыс жасауда. Олардың ішінде іс-тәжірибесі жеткілікті, білікті мамандар да бар.

Елбасының «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес ауыл-аймаққа бет алған жас мамандарға қамқорлық көрсетілетіні белгілі. Оларға көтеріңкі жәрдемақыға қоса тұрғын үй алу үшін жеңілдікпен несие беріледі. Өткен жылы осы бағдарламаға сәйкес 32 маман баспанаға қол жеткізсе, биыл тағы 15-і тұрғын үймен қамтылмақшы.

Егер бұдан бес жыл бұрын облыста 250 дәрігер жетіспесе, қазір бұл көрсеткіш он есеге қысқарды. Күні бүгін 25 маман, соның ішінде жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, анестезиолог, педиатр-неонатологтар (қалаға - 15, ауылдық жерге - 10) керек. Аудандар арасынан, әсіресе, Бөрліде дәрігерлерге мұқтаждық көбірек білінуде.

Айта кетейік, облыста бүгінгі таңда 1532 дәрігер (қамтылуы10 мың адамға шаққанда - 25,5), 5596 орта буын қызметкері (10 мың адамға шаққанда - 88,8) еңбек етеді. Дәрігерлердің орта жасы - 35-37. Өңір орта буын медицина қызметкерлерімен толық қамтамасыз етілген.