17:56, 13 Мамыр 2009
Денсаулық сақтау кодексінің жобасы мақұлданды ? Мәжіліс
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған кодекс жобасы Мемлекет басшысының республикадағы әлеуметтік жүйені жақсарту мәселесі бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Осыған орай, жобада еліміздің ұлттық медицинасының мәртебесін көтеру, осы саладағы заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіру, азаматтарға медициналық қызметтер көрсету деңгейін жақсарту, қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтау мәселелеріне жұртшылықтың көзқарасын өзгерту шаралары қамтылып отыр.
Кодекс жобасының құрылымы Жалпы және Ерекше бөлімдерден, 185 баптан тұрады. Жобаны талқылау барысында депутаттар тарапынан еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар және денсаулық сақтау саласындағы басымдықтар ескеріле отырып ауқымды өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, Қазақстанда қазіргі заманғы жоғары деңгейлі клиникалар құру және оларды басқару үшін алдыңғы қатарлы шетелдік компанияларды тарту мақсатында «Ұлттық медициналық холдинг» ұғымы енгізіліп, оның құзыреті жаңа баппен толыққан. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды емдеуге жұмсалатын бюджет қаражатының шығындарын азайту мақсатында да арнайы норма енгізіліп отыр. Ол бойынша ел аумағында жүрген шетелдіктер үшін тегін медициналық көмектің кепілді көлемі айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде ғана берілуін көздейтін өзгерту ұсынылады. Мемлекеттік шығындарды азайту және ізгілік шара мақсатында туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарды мәжбүрлі түрде емдеуге қатысты түзету де қарастырылып отыр. Бұдан басқа, Кодекс жобасына «Қоғамдық денсаулықты сақтау» атты жаңа 25 тарау енгізілді. Онда аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтануды қоса алғанда, салауатты өмір салтын қалыптастыру нормалары қамтылады. Сонымен бірге, халықаралық тәжірибелер бойынша алкогольді тұтынуды азайтуға бағытталған шектеулер, атап айтқанда алкогольді сатып алу мен тұтыну жасына қарай шектеулер қою мәселелері енгізілген. Сондай-ақ тиімді мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында он сегіз жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатуға тыйым салу туралы нормалары заңнамалық тұрғыда бекітілді. Медициналық-биологиялық тәжірибелер мен клиникалық зерттеулер жүргізудің халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген тәртібі алғаш рет заңнама жүзінде реттелді. Аталған бағыттағы норма зерттеулерге қатысатын адамдар құқықтарының қозғалуына, олардың қауіпсіздігіне және денсаулығының сақталуына кепілдікті қамтамасыз ететін болады.
Кодекс жобасында медицина қызметкерлерінің азаматтар мен қоғам алдындағы өздері жүзеге асыратын қызметі үшін моральдық жауапкершілігі де қамтылған. Мәселен, жобада медицина қызметкерлерінің ар-намыс кодексін көздейтін Әдеп мәселелері жөніндегі комиссия туралы арнайы бап көрініс тауып отыр.
Ауылдағы денсаулық сақтауды дамыту және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарына қолдау көрсету шаралары да енгізілді. Ол бойынша, қала жағдайында қызметтің осы түрімен айналысатын мамандардың айлық жалақыларымен салыстырғанда ауылдық жерлердегі мамандардың жалақысы кемінде 25 пайызға арттырылатын болады.
Заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.