Денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысы барысында түрлі проблемалар туындауда - Үкіметтегі кеңес

АНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Республикада салынып жатқан денсаулық сақтау мекемелерінің 38-і жобалық-сметалық құжаттамаларды қайта ретке келтіруге байланысты проблемалы болып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңесте ҚР вице-премьері Ербол Орынбаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Е.Орынбаевтың атап көрсеткеніндей, бүгінгі күні Қазақстанда жаңадан 130 денсаулық сақтау мекемесін салу жоспарланып отыр. Оның 103-і «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында бой көтермек. Қазіргі күні 6 нысан қолданысқа енгізілді. 2009 жылы құрылысы жүріп жатқан 86 денсаулық сақтау мекемесінің 63-і аталмыш жоба аясында салынуда.

Вице-премьер денсаулық сақтау насындарын салу барысында туындап жатқан проблемаларға да тоқталып өтті. Мәселен, оның айтуынша, туындаған қиындықтардың дені жобалық-сметалық құжаттамаларды (ЖСҚ) қайта ретке келтіруге байланысты болып отыр. ЖСҚ бойынша 38 нысанда туындаған проблеманы шешу үшін 2010 жылы бюджеттен 26,6 миллиард теңге бөлу қажет. Бүгінде республикалық бюджеттік комиссия 11 миллиард теңгеге қосымша қаржыландыруды қажет ететін түйткілді тағы 15 нысанның мәселесін қарап, шешім шығару үстінде.

Е.Орынбаев қымбаттаудың негізгі сомасы ЖСҚ-ны қайта ретке келтіру проблемаларына тиесілі екенін атап өтті. Мәселен, қажетті сома бюджетпен бекітілген уақытта тиісті құжаттардың дайын болмауынан, оларды құрылыс барысында қайта ретке келтіруге тура келген. Сондай-ақ, осындай себептердің ішінде -бастапқыда қаражаттың аз бөлінуінен құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуы және жобаның іске асуын кейінге шегеру бар. Соңғы жағдайда, уақыт өте келе бағалардың өзгеруіне байланысты ЖСҚ ескіреді.

«Оның үстіне, әкімдермен жер телімдерін бөлуде ұқыптылық жоқ. Барлық құжаттар түгел бола тұра құрылыс барысында ғимаратты орнату сызбасы өзгереді немесе жер учаскесі ауыстырылады», - деді ол.