Денсаулық сақтау министрі алдағы 1,5 айдың ішінде респираторлы вирусқа қарсы егілуге кеңес берді

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгінгі күнге дейін респираторлық вирусты тұмаумен ауырудың бірде-бір фактісі тіркелген жоқ.

Бұл туралы бүгін Астанада «Заманауи зертхана - жүйелік пен дәлелділікке ұмтылыс» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференция барысында журналистердің сауалына жауап берген ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, жыл сайын қазан айында респираторлы вирусты жұқпаның өршу кезеңі басталады. Бірақ биыл қазан айы басталғалы бері бұл жұқпамен ауырудың бірде-бір фактісі тіркелмеген. Мұны науқастың вирусты инфекциядан не салқын тиюден ауырғанын анықтайтын арнайы зертханалар көрсетіп отыр. «Бұл республикада дертке қарсы жүргізілген және жүргізіліп жатқан жаппай егу науқанының арқасы. Тұмау эпидемиясы басталған жағдайда да Қазақстанда оған қарсы дәрі-дәрмектердің көлемі жеткілікті», - деді ол.

Ж.Досқалиевтің мәлімдеуінше, тұмаудың алғашқы белгілері қазан айының соңында көрініс беруі ықтимал. Сондықтан алдағы 1,5 айда қазақстандықтар індетке қарсы міндетті түрде егілуі тиіс.

Ал А/Н1N1 вирусына қарсы, министрдің сөзіне қарағанда, жаппай егілудің қажеттігі жоқ. Себебі, Қазақстанда құс тұмауымен ауырудың фактілері соңғы екі-үш айда тіркелмеген. «Үкімет тарапынан кеселдің алдын алуға барлық шаралар жасалды. Сонымен бірге, дәрігерлердің біліктілігі арқасында шілде айында науқастанған 18 адамда вирустың асқынуына жол берілген жоқ. Сондықтан адамдарға қауіптенуге еш негіз жоқ», - деді.