Вице-министрдің айтуынша, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізінде 2011 жылы республика бойынша бірыңғай апаттық жағдайларға тап болған адамдарға көмек көрсету жүйесі белгіленді. Сол мақсатта санитарлық авиацияға 14 тікұшақ сатып алу көзделуде.
Олар республика жолдарында орын алатын көлік апаттарына шұғыл іс-қимыл жасауға және шалғайдағы тұрғындарға кәсіби көмек көрсетуге жұмылдырылатын болады.
«Санитарлық авиация шалғай жерлерге медицина қызметкерлерін шұғыл жеткізу, оқиғадан жапа шеккендерді медициналық мекемелерге жеткізу, орталықтағы білікті мамандарды шалғай ауылдарға апарып келу сияқты кешенді мәселелерді атқарады. Оған қаражат та бөлінді. Ендігі мәселе - біз оның нормативтік-құқықтық жағын қарастырып жатырмыз», деп атап көрсетті ол.
Жалпы, 2011-2013 жылдары «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға 209,4 млрд. теңге бөлінеді деп межеленген.
«Жол бойындағы ең қауіпті учаскелерінде, ауа райының қолайсыз кездерінде тікұшақпен жоспарлы түрде шолу, жедел жәрдем көрсетуге бағытталған диспетчерлік пункттер ашу жұмыстарының барлығы осы бағдарламада қарастырылған», дейді Е. Байжүнісов.
Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы 29 қарашада бекітілді.