Денсаулық сақтау министрлігі аккредитация жүргізетін 160 инспекторды дайындамақ

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау нысандарын аккредиттеу бойынша инспекторлар ретінде 160 медициналық маман оқудан өткізілетін болады,

деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Инспекторларды оқытуды ағымдағы жылдың 26 наурызы мен 14 сәуірі аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК Аккредиттеу орталығымен бірлесіп өткізеді.

Шараның мақсаты - еліміздің денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу жүйесін институционалдық тұрғыдан күшейту. 2011 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтаудағы сапа бойынша халықаралық талаптарды ескере отырып, медициналық ұйымдарды аккредиттеудің ұлттық стандарттарын жаңарту үрдісі жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу бойынша арнайы оқытылған инспекторлар - медициналық қызметтердің қауіпсіздігі мен сапаны арттыруға бағытталған республиканың денсаулық сақтау саласындағы негізгі реформаларды қолдау үшін аккредиттеудің жаңартылған және жаңа стандарттарының провайдерлері ретінде жұмыс істейтін болады.

Дүниежүзілік банк пен ҚР Үкіметі арасындағы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау секторында технологияларды беру және институционалдық реформаны жүргізу» өзара іс-шараларын жүзеге асыру шеңберінде өткізілетін барлық шаралардың маңызы зор. Олар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аккредиттеу рәсімін және Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы іс-шаралар жоспарын жетілдіру бойынша міндеттерді іске асыруға бағытталған.

Оқудан өткен инспекторлар трансфузиология және зертханалық қызметтер, сондай-ақ жедел медициналық көмек стандарттарын және стандарттарға сәйкестігін сыртқы бағалау әдістемелерді қоса алғанда,    стационарлық және амбулаторлық-емханалық көмек көрсетуші медициналық ұйымдарды аккредиттеудің жаңартылған стандарттарын тестілеуге және оларды енгізуге қатысады.