Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік маңызды жобаларды анықтау үшін үкіметтік емес ұйымдар арасында конкурс жариялады

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы пациенттердің құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес 2012 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде денсаулық сақтау саласында әлеуметтік маңызды жобаларды анықтау үшін ағымдағы жылғы 2 желтоқсанда үкіметтік емес ұйымдар арасында үздік әлеуметтік идеялар конкурсын жариялады»,-деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, «2012 жылға арналған халық денсаулығын сақтау саласында үкіметтік емес ұйымдарға арналған үздік әлеуметтік идеялар» республикалық конкурсы - алдағы жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік маңызды жобалардың тақырыбын анықтауға бағытталған әлеуметтік-имидждік іс-шара.

Конкурсты өткізу тұжырымдамасына сәйкес идеялар мен жобалар халықты ақпараттандыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттауға, аурудың алдын алуға, жаңа бастамаларды ендіру бойынша министрлікке және ұйымдарға қоғамдық денсаулықты сақтау және оның дамуын нығайту желілерін құруға көмек ретінде бағытталуы тиіс.

Конкурсқа Қазақстанның барлық үкіметтік емес ұйымдары қатысуда.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы пациенттердің құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес дауыс беру арқылы байқау лауреаттарын анықтайды. Осылайша, 2012 жылға арналған әлеуметтік маңызды тақырыптар тізімін қалыптастыруға қатысты 10-12 үздік идея таңдап алынады.