Денсаулық сақтау министрлігі гепатиттің «С» вирусын жұқтыру қаупін азайту үшін талаптарды күшейтпек

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Педиатрия институтында лейкемиямен ауыратын балалардың гепатиттің «С» вирусын жұқтыру фактісіне қатысты дау-дамайдан кейін, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, қан тамырына жасалатын қандай да бір процедуралар кезінде науқастарды түрлі жұқпалардан қауіпсіздендіру үшін бірқатар шараларды қолға алып, көрсетілетін медициналық қызметтерге талаптарды күшейтпек.

Бұл туралы бүгін аталмыш фактіге қатысты тексеріс жүргізген арнайы комиссия жұмысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында ведомство басшысы Жақсылық Досқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, атқарылатын жүйелі шаралар екі бағытта болмақ. Оның бірі - науқастарды емдеу кезінде оларды түрлі жұқпаларды жұқтырудан қорғау, екіншісі - гепатиттің «С» вирусын жұқтырудың алдын алу, сондай-ақ аталмыш вирустың «В», «С» түрлерімен және лейкемиямен ауыратын науқастарды емдеу.

Мәселен, қан тамырына қандай да бір егу жұмыстарын жасайтын медициналық мекемелерде «эпидемиолог» қызметі енгізіледі. Сондай-ақ, әрбір емдеу мекемесінде инфекциялық қауіпсіздікке жауап беретін комиссия жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, стоматологиялық, косметологиялық және басқа да қызметтерді көрсететін жекеменшік және мемлекеттік клиникаларда, операциялық бөлімшелерде талаптар күйшейтіліп, республикадағы барлық қан құю стансылары қанды зарарсыздандыруға мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықталатын болады.

Екінші мәселе бойынша, осы жылдан бастап гемобластозбен ауыратын науқастарды емдеуге қажетті дәрілер бір орталықтан сатып алынады. Онкологиялық және радиологиялық ғылыми зерттеу институтында лейкемиямен ауыратын ересек жастағы науқастар үшін бөлімше ашылады. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшесі жасақталады.