Денсаулық сақтау министрлігі: Карантин режимі әлі де бұзылып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин режимін бұзу фактілері қай аймақтарда жиі тіркеледі? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз аймақтардағы карантин режимінің сақталуына бақылау жүргізіп келеміз. Айтарымыз, карантин режимі әлі де бұзылып жатыр. 17 тамыздан бері 267 866 нысанды қамтыған 60 375 рейд өткізілді. Оның ішінде 20 мыңынан карантин режимінің бұзылғаны анықталды. 19406 әкімшілік айыппұл салынды», - деді Марат Шоранов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол келтірген мәліметке сәйкес, карантин режимі көбіне Түркістан, Алматы, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында тіркеліп жатыр.

«Нысандарда негізінен мынадай фактілер анықталады: карантин кезеңінде қызметіне тыйым салынған нысандардың жұмысы, шектеу режимін сақтамау, бұқаралық іс-шара өткізу. Аталмыш заңбұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы бойынша 11 285 тұлғаға 1,1 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Жеке тұлғаларға жалпы сомасы 296,3 млн теңгелік 6912 айыппұл салынды. Азаматтардың едәуір бөлігі қоғамдық орындарда маска режимін сақтамау салдарынан айыппұлға ілінген», - деді спикер.

Ол сонымен қатар әкімшілік айыппұлдарға қарамастан қызметін жалғастыра беретін нысандардың иелері туралы сөз қозғады.

«Бүгінгі таңда «тыңдамайтын тәртіп бұзушылар» тізімінде 254 нысан тұр. Олардың ішінде Нұр-Сұлтанда орналасқан 56, Шымкенттегі 47, Қостанай облысындағы 25 нысан бар. Мұндай кәсіп иелерін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары істі сотқа жолдауда», - дейді бірінші вице-министр.