Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мекемелерді аккредитациядан өткізуді бастады - брифинг

АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы уақыттары мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру алып отыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің аккредитациясынан өтуге 912 медициналық мекеме тапсырыс берді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Салидат Қайырбекова мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

С.Қайырбекованың атап көрсеткеніндей, министрлік медициналық көмек көрсететін мекемелерді аккредиттациядан өткізу шарасын үстіміздегі тамыз айының 1-інен бастады және ол денсаулық саласының бірыңғай ұлттық жүйесін енгізудің бірінші кезеңі болып табылады. Қазір 912 мекемеден өтініштер келіп түсті. Оның ішіндегі 20-сы жекеменшік ұйымдар. Бүгінде 170 мекемеде сыртқы кешенді бағалау жұмыстары аяқталды. Тағы 85-і бұл тексерістерден өтуге дайындық үстінде.

Комитет төрайымы, бір-екі жекеменшік компания өз өтініштерін қайтарып алғанын жеткізе отырып, мемлекеттік емес сектор ұйымдарының аккредитациялаудан алатын артықшылықтарына тоқталып өтті. Мәселен, олар сәйкестік сертификатын алғаннан кейін мемлекеттік тапсырыс алуға мемлекеттік мекемелермен тең жағдайда қатыса алады және мемлекеттік органдар тарапынан тексерістер болмайды. «Халықаралық тәжірибе бюджеттен қаржыландырылатын 75 пайызға дейінгі медициналық қызметті мемлекеттік емес сектор көрсететінін дәлелдеп отыр», - деді ол.

Аккредитациядан өткендігі туралы сертификат денсаулық ұйымдарына 1-ден 3 жылға дейін беріледі және олардың тізімдері басылымдар мен министрліктің ресми сайтында жарияланатын болады. Аккредитациядан өтуге әзірше стационарлық емханаларға басымдық беріліп отыр және оларға бөлінетін қаржының көлемі көрсетілген қызметтің көлеміне тікелей байланысты болады.

Осылайша азаматтар 2010 жылдың қаңтарынан бастап қажетті ем-домды Денсаулық сақтау министрлігі сапалы деп тапқан мекемеден таңдауы бойынша ала алады.