Бұл туралы бүгін өткен брифингте Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Кеңес Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
К.Оспановтың айтуынша, бүгінгі күні санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің бақылауында тері және шырышты қабыққа медициналық қызметтер жасайтын барлығы 809 косметологиялық нысан бар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі үстіміздегі жылғы қаңтардың 15-інен бастап елдегі барлық стоматологиялық және косметологиялық ұйымдарға жүргізген тексерістің барысында аталмыш нысандардардың 744-ін жіті тексерді. Оның 372-сінде немесе 50 пайызға жуығында зарарсыздандыру талаптарының бұзылып отырғандығы анықталған.
«Тексерістердің нәтижелері бойынша 5 нысанның материалдары сотқа тапсырылды, 12 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды, 437 айыппұл салынып, 123 адам жұмыстан шеттетілді. Сондай-ақ 388 косметологиялық кабинетке бұзышулықтарды жою туралы ұйғарым берілді», - деді ол.
К.Оспанов атап көрсеткеніндей, алдағы уақытта анықталған бұзушылықтарды жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы тексерілетін болады. «Ал бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдарды елемеген стоматологиялық және косметологиялық нысандардың жұмысын уақытша не болмаса мүлдем тоқтату туралы шешімдер сот арқылы шешіледі», - деді ол.