Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифинг барысында ведомствоның вице-министрi Алексей Цой мәлiм еттi.
Оның айтуынша, бұрынғыдай емес, қазiр Қазақстанның медицинасы жақсарған, сондықтан, көптеген ауру түрлерi елiмiзде де емделедi. Әйтсе де, кейбiр сирек кездесетiн сырқатқа шалдыққан немесе күрделi операция жасатуға мұқтаж адамдарды министрлiк квотамен шетел ауруханаларына жiберiп отырады.
"Өздерiңiз бiлесiздер, қазiр Қазақстанның медицинасы дамыған, бiздiң елдiң ауруханалары мен клиникалары көптеген ауруларды жазып, күрделi операцияларды жасай алады. Тiптi, соңғы бiрнеше жылда донор тауып, органдарды трансплантациялау қолжетiмдi болды. Қажеттi құралдар, медициналық озық технологиялар жетерлік. Әйтсе де, Үкiмет бекiткен бiрқатар бағыттар бар. Халық арасында анықталған аурулардың тiзiмiне сәйкес, квота бойынша жылына 50-70 адамды шетел ауруханаларына жiберемiз. Бұл тiзiм шектеулi, азаматтарымыздың көбi бiздiң медицинаның арқасында толық емделе алады",-деп түсiндiрдi вице-министр.