Денсаулық сақтау министрлігінде өңірлердегі стационарлар мен амбулаторлық-емханалық топтардың жетекшілерінің қатысуымен кеңес өтті

АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова өңірлердегі стационарлар мен амбулаторлық-емханалық топтардың 100-ден астам жетекшісінің қатысуымен кеңес өткізді,

деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Алқалы жиын 2010 жылы Мемлекет басшысы бекіткен еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында денсаулық сақтау жүйесіне қазіргі заманғы менеджментті енгізуде үздік тәжірибені тарту жөніндегі жобаны жүзеге асыру мәселесіне арналды.

Бұл жобаның мақсаты - оқыту және үздік тәжірибені тарату арқылы денсаулық сақтау ұйымдарын тиімді басқаруды арттыру болып табылады. Жобаға еліміздің 100 медициналық ұйымы (50 стационар мен 50 амбулаторлық-емханалық көмек ұйымдары) қатысады.

Оны жүзеге асыру кезең-кезеңмен өтеді. Қорытындысы бойынша 2011 жылдың соңына дейін «үздік тәжірибенің өсу нүктесін» құру, 2012 жылдың соңына дейін республиканың барлық медициналық ұйымдарына менеджмент саласына үздік тәжірибені енгізу жоспарлануда. Болашақта 100 табысты ұйым халықаралық танылған стандарт бойынша аккредиттеуден өтеді.

Кеңесте медициналық қызметтер нарығында медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестік ортаны дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламада қойылған міндеттерді іске асыру үшін денсаулық сақтау саласын басқаруының негізгі бағыттары талқыланды.

Мемлекеттік бағдарламада медициналық ұйымдарды шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мәртебесіне (бұдан әрі - ШЖҚ МК) кезең-кезеңмен ауыстыру жоспарланған, бұл денсаулық сақтау саласын басқару, қаржыландыру, инвестициялық саясат жүйесін жетілдіру, медициналық ұйымдар қызметтерінің экономикалық тиімділігін арттыруға және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін шешуге ықпал етеді.

Министрлік облыстардың және Астана, Алматы қалалары әкімдіктерімен бірлесіп, денсаулық сақтау ұйымдарын 2010-2012 жылдары кезең-кезеңмен ШЖҚ МК-ға қайта ұйымдастыру кестесін әзірлеп, бекітті. Осылай, ШЖҚ МК мәртебесі бар медициналық қызметтерді ұсынушылардың саны 2010 жылдың аяғында 49 болса, қазіргі уақытта 112-ке дейін жетті.

2011 жылғы наурыздан бастап денсаулық сақтау саласындағы ғылым және білім беру ұйымдарының базаларында менеджерлер мен есептеу қызметкерлерін даярлау басталды. 2011 жылы 1 618 маманды оқыту жоспарлануда, жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 700 адам оқытылды.

Қазіргі таңда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткізіп отырған іс-шаралар денсаулық сақтау саласындағы басқарушылық жүйені жетілдіруге және кәсіптік менеджерлер институтын енгізуге бағытталған.