Кеңесте инфекциялық аурулар бойынша республикадағы эпидемиологиялық жағдай және иммундық профилактика мәселелері, стационарлық көмектің қолжетімділігі, «Время» газетінің тілшісі В.Бурдиннің мақалаларында және азаматтардың хабарламаларында көрсетілген фактілерді комиссиялық тексеру үшін құрылған жұмыс комиссиясының қорытындылары қарастырылды.
Ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Премьер-Министрдің тапсырмасына орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ербол Орынбаев және Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Время» газетінің тілшісі В.Бурдинмен кездесу өткізгені белгілі.
Өткен кезең ішінде республикадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. 18 инфекциялық ауру, оның ішінде ЖРВИ және тұмау бойынша ауру деңгейінің төмендегені байқалды.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында республика бойынша пневмококк инфекциясына қарсы кезең-кезеңмен егу шаралары жүргізілуде. Полиомиелиттің таралуының алдын алу және ескерту мақсатында ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында 5 жасқа дейінгі балаларды иммунизациялаудың қосымша ұлттық шарасын жүргізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, стационарлық көмектің қолжетімділігі мәселесі талқыланды. Ағымдағы жылы Порталда 148,7 мың жолдама тіркелген, олардың 43% ауыл тұрғындарына тиесілі. Жоспарлы госпитализацияның проблемалық мәселелерін шұғыл шешу мақсатында Портал бойынша күн сайын мониторинг жүргізіліп отырады.
Оған қоса, «Время» газетінің тілшісі В. Бурдиннің мақалаларында көрсетілген фактілерді тексеру үшін Министрлік жанынан құрылған жұмыс комиссиясының қорытындылары шығарылды. Комиссия анықтаған проблемаларды талқылап, шешу жолдарын белгіледі. Олардың бірқатары қазірдің өзінде аумақтық денсаулық сақтау органдары арқылы жүзеге асырылып жатыр. Журналист көрсеткен барлық фактілер жіті тексерілді, сондай-ақ, жылдың басынан бері министрліктің «шұғыл желісіне» келіп түскен азаматтардың барлық арыз-шағымдарына (жалпы саны 500-ден астам) комиссиялық тексерістер жүргізілді.
Жұмыс комиссиясының қорытындылары Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке ұсынылды. Тексерістер аяқталғаннан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық, фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті және Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті өңірлік бөлімшелері жетекшілерінің атқарып отырған лауазымдық қызметтерге сәйкестігі мәселесі шешілетіні айтылды.
Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова министрлік жанынан қоғамдық кеңес құрылып, оның құрамына Парламент депутаттары, қоғамдық, кәсіподақ бірлестіктері және БАҚ өкілдері кіргенін хабарлады.