«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге қажетті дайындық жүргізілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң қабылданды. Оған қызу талқылаулардан кейін түзетулер енгізіліп, мерзімі екі рет ауыстырылды. Мұның барлығы еліміздің реформаға тыңғылықты дайындалғанын көрсетеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, медициналық қызметтер төлемі комитетінің құқықтық мирасқоры атанды. Медициналық қызметтер төлемі комитетінің мемлекеттік орган екенін, қазынашылық жүйесімен жұмыс істейтін бюджет қаражатын реттеуші екенін түсінеміз. Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры - корпоративті басқару принципімен жұмыс істейтін жаңа институтционалдық құрылым, бюджеттен тыс қор, коммерциялық емес ұйым», - деді Елжан Біртанов «МӘМС: қазақстандық медицинаның жаңғыруы» форумында.
Оның айтуынша, қазір тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі қызмет көрсетушілердің 52% жеке медициналық ұйымдар болып отыр. Бұл - «Денсаулық» бағдарламасы аясында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі, барлық медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару енгізілген.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік кәсіпорындардың 100% қызметкерлері жалақысына және олардың қызмет құрылымына байланысты қаражатты бөлуде экономикалық еркіндік алды. Енді қатаң мемлекеттік бақылау болмайды. Бұл кәсіпорындардың 88% бақылау кеңестерін құрады. Басқару сапасын жақсарту үшін барлық мемлекеттік медициналық ұйымдарда тек медицина ғана емес, қоғам, бизнес, экономика және заңгерлердің қатысуымен бақылау кеңестері құрылуы керек. Жасырын емес, бүгінде мемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттік тапсырыстың 80% алады - бұл 800 миллиард теңге. Іс жүзінде әрбір бас дәрігер орташа есеппен 1,5-2 миллиард теңге бюджетпен жұмыс істейді. Мұнда ашықтық пен тиімділік өте маңызды», - деді министр.
2016 жылмен салыстырғанда биылғы жыл соңында денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар көлемі үш есеге артты. Сонымен бірге жеке инвестициялардың үлесі екі есеге өсті.
«Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы жеке инвестициялардың үлесі 40% немесе 60 млрд теңгені құрайды. Бұл жеке сектордың ұзақ мерзімді инвестициялар мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қызығушылығы бар екендігін көрсетеді. Бұл тиімді басқаруды тарту арқылы мемлекеттік қаражатты үнемдеуге болады дегенді білдіреді»,- деп өз сөзін түйіндеді министр Біртанов.