2009-2010 жылдары білім беру және денсаулық сақтау объектілерін салуға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде қаржы тәртібінің елеулі бұзушылықтарына жол берілген, деп хабарлайды Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметі.
"Денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы инвестициялық жобалар елеулі түрде қымбаттау арқылы іске асырылуда. Бұл бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жобалауға арналған тапсырманы сапасыз дайындауларына байланысты болып отыр. Сонымен бірге инвестициялық жобалардың қымбаттауына құрылыс нормаларының және ережелерінің сақталмауы да ықпал етуде. Құрылыс кезінде жобалау шешімдерінен ауытқып, бекітілген жобаларға жұмыстардың қосымша көлемдерін қосуы инвестициялық жобаларға арналған шығыстардың артуын туындатады"-, делінген бүгін таратылған хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылыстың нормативтік мерзімдерін бұзушылықтар да жобалар құнының қымбаттауына әсер етеді. Мысалы, 2008 жылдан бастап «Капстройгрупп-Т» ЖШС құрылыс мерзімдерін бұзғандықтан, Алматы қаласындағы 150 төсекке арналған перинаталдық орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасы үш рет өзгертіліп, құрылыс құны ұлғайған. Сөйтіп, құрылысқа қажет қаражат бастапқы көлемімен салыстырғанда 1,6 млрд. теңгеге көбейген.
Сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманың және мемлекеттік сараптаманың төмендігі де денсаулық сақтау және білім беру салаларында инвестициялық жобалардың қымбаттауының негізгі факторларының бірі болып табылады. Мәселен, «Астана қаласында бір ауысымда 380 адам қабылдайтын емханасы бар 270 төсектік онкологиялық диспансер» жобасына жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуде және мемлекеттік сараптама жүргізу кезінде жол берілген кемшіліктерге байланысты түзету енгізілген. Жобаның сметалық құны 2,8 млрд. теңгеден 7,4 млрд. теңгеге дейін немесе 2,6 есе ұлғайған.
Нормативтік құжаттарды әзірлеу кезінде құрылыс материалдарына, жабдықтарға және сметаларға баға белгілеу бойынша мониторинг жүргізілмеген. Мәселен, Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 2009 жылғы қаңтар - 2010 жылғы тамыз аралығында құрылыс-монтаж жұмыстарына және олардың конструкцияларының элементтеріне арналған баға индекстері 2008 жылдың деңгейінде сақталған. Бұл ретте көрсетілген мерзімде Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында 75 білім беру объектісі бойынша жобалардың сметалық құны 13,6 млрд. теңгеге қымбаттаған. Ал Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 2009 жылғы қаңтар - 2010 жылғы тамыз аралығында инвестициялық жобалар бұрын бекітілген бағалардың шеңберінде іске асырылған.
Сметалық құнды түзету және ұлғайту үшін қайта есептеу тәжірибесі жаңа смета бойынша толық қаржыландырмауға алып келуде. Сөйтіп, жекелеген объектілердің пайдалануға беру мерзімдері бұзылуда. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша 2008 жылы - пайдалануға берілуі көзделген 83 мектептің 60-сы (72%), 2009 жылы - 106 мектептің 57-сі (53%), 2010 жылғы 1 қыркүйекке - 65 мектептің 6-сы (10%) іске қосылған.
Жергілікті атқарушы органдар көбінесе әлеуметтік маңызы бар объектілерді салуға жеткілікті көмек көрсетпейді. Мердігер ұйымдардың қабылдаған міндеттемелерін орындауына тиісті дәрежеде бақылау ұйымдастырылмаған. Инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін бұзған бюджет алушыларды жауапкершілікке тартудың тиімді тетігі қамтамасыз етілмеген. Объектілерді тапсыру мерзімін бұзғаны үшін айыппұл санкциялары өндіріп алынбауда. Қолданыстағы шарттардың мерзімін ұзарту жөнінде көбінесе қосымша келісімдерге қол қойылған.
Мәселен, 2010 жылғы 1 қыркүйекке Астана қаласында 6 мектептің және амбулаторлық-емханалық кешеннің құрылысы аяқталмаған. Құрылыстың нормативтік мерзімі және жасалған шарттарға сәйкес, олар 2009 жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. 2008-2009 жылдары Астана қаласы құрылыс басқармасының білім беру және денсаулық сақтау объектілері бойынша республикалық бюджет қаражатының есебінен артық төлеп, өндіріп алмаған жалпы сомасы 999,5 млн. теңге болған.
Есеп комитеті Үкіметке объективтік себептер болмаған жағдайда мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша жасалған шарттардың сомаларын ұлғайтуға шек қоюды ұсынады. Білім және ғылым министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне, облыстардың әкімдеріне инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар берілді.