Денсаулық - зор байлық
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша адамның саулығы медицина жүйесіне небәрі 10 пайыз тәуелді екен. Ал, 50 пайызы өмір сүру сапасына, денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне, өмір салтына тікелей байланысты. Бұл үшін қоғам да, жеке адам да бір кісідей жұмылып, күш-жігерлерін біріктірулері қажет. Мақсат - тән мен рухты сауықтыру.
Әлемнің дамыған елдері бұл орайда өздерінің ұлттық жоба-жоспарларын жасап, дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Қазақстан да осынау дүбірлі додадан тыс қалып отырған жоқ. Адамның тұрмыстық ахуалы мен ортасын жақсарту мақсатымен елімізде халықаралық және отандық озық тәжірибеге негізделетін ұзақ мерзімді денсаулық сақтау жобасы - «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Мембағдарлама салада қордаланып қалған мәселелерді шешуге, сондай-ақ оны 2050 жылға дейінгі жоспарлы да қарышты дамытуға бағытталған.
Қол жеткізген жетістіктерді сараптап, кемшіліктерге көз жіберу үшін жуырда Халықаралық Қайта құру және Даму Банкінің сарапшылары осы мембағдарламаны жүзеге асыру нәтижелері жөніндегі есепті жариялады. Оған сәйкес негізгі 6 бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгені атап өтілді. Атап айтқанда, профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерт¬теулерді күшейту, әлеуметтік маңызды аурулар мен жарақаттарды айқындауды, емдеу мен оңалтуды жетілдіру өте сәтті, ал қоғамдық денсаулықты қорғау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру айтарлық¬тай сәтті, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру өте сәтті, медициналық, фармацевтикалық білім беруді жетілдіру; медицинадағы инновациялық технологияларды дамыту және енгізу сәтті, дәрі-дәрмектердің халық үшін қолжетімді болуы мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыруды жақсарту сәтті орындалған.
«Саламатты Қазақстан» мембағдарламасын іске асыру салаға түбірінен жаңа өзара қарым-қатынастар ендіруге мүмкіндік берді. Медициналық қызметтің жеке секторының үлесі 24 пайызға дейін ұлғайды, жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде стационарды еркін таңдауды пайдаланған азаматтар саны 2,3 есе артып, орташа алғанда жылына 800 мың адамға жетті. Нәтижесінде төсек қорының 14 мыңнан астам бірлігі қысқартылып, қайта бейінделді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек әсіресе кардиохирургияда, интервенциялық араласулар мен трансплантологияда қол жетімді болды, бұл медициналық көмек көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Аурудың 11 түрі бойынша Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізіліп, бағдарлама іске асырылған сәттен бастап 102 миллионнан астам скринингтік зерттеулер жүргізілген, атап айтқанда жылына 12,7 миллионнан астам адамды қамтыған 25 миллионнан асатын бақылау жасалған. Салада кәсіби ме¬неджментті ендіру және мемлекеттік медицина¬лық қызмет берушілердің дербестігін арттыру жөніндегі іс-шаралар басталған, кейінгі 3 жылда шамамен 7 мыңдай менеджер білімін жетілдіріп, 70 пайыздай медициналық ұйым шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын мәртебесін алған. Көліктік медицина дами түсті, яғни республикада жыл сайын 300 мыңнан астам науқасты тексеріп-қарайтын 49 жылжымалы ұтқыр кешен, 200 мыңнан аса адамды қамтитын 3 медициналық пойыз және жыл сайын ел ішінде де, оның шекарасынан тысқары да әуеге 1000-ға жуық рет көтерілетін санитарлық авиация жұмыс істеген.
Мембағдарламаны іске асыру барысында респуб¬ликадағы халық саны 17 417,5 мың адамға дейін ұлғайған, күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 2010 жылғы деңгейден (68,41 жас) 2,04 пайызға өсіп, 70,45 жасты құрап отыр.
Мұны отандық медицина қыз¬меткерлерінің ауыз толтырып айтататын жетістік¬тері деп нық сеніммен айтуға болады.