Депутат Ақмарал Әлназароваға: Сенатор кезіңізде сынаған бұйрықты әлі өзгертпей отырсыз
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыруға жол ашатын ішкі құжаттарды атап, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы осы бұйырқытарды өзгертпей жүргені үшін сынады.
– Міндетті медициналық сақтандыру қоры тапсыратын қаржы есебі қалай неге жалпы қаржы есебінен тыс қалып отыр? Осылайша аталған қор заң бойынша қаржы есебін жүргізбей отырған болып шығады. Қолдан қосып жазу, қаржы ақаулары сияқты бүркемеленген қаржы жымқыру фаткілері осы тұстан туындап жатыр. Бұл – менің көзқарасым емес, Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы. Аудиторлық палата Денсаулық сақтау министирлігінің 2017 жылдың 16 тамызындағы бұйырғына сілтеме жасайды. Бұл бұйрық заңға қайшы. Сіз министр болып ақпан айында (2024 жылы – ред.) келген едіңіз. Содан бері не осы бұйрықтың күшін жоймадыңыз, не өзгертпедіңіз, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, ведомствоның №321 бұйрығы да саладағы бассыздықтардың көзі болып отыр.
– Алдыңызда Міндетті медициналық сақтандыру қорындағы сыбайлас жемқорлықтың қайнар көзі тұр. Бұл – 2020 жылдың 24 желтоқсанындағы №321 бұйрық. Құжат сыбайлас жемқорлық тәуекелі мен жымқыруға жол ашып тұр. Бұл бұйрықтың сіз қабылдамағаныңызды білемін. Бірақ 6 ақпанда (2024 ж. – ред) министр болып келдіңіз ғой. Бұйрыққа түзету немесе өзгеріс енгізуіңіз керек еді. Оны істейтін біздің құзыретіміз жоқ. Сіздің министр ретіндегі құзыретіңіз бұл. Оның үстіне сіз сенатор болып жүргенде дәл осы бұйрықты жиі сынайтын едіңіз, - деген депутат министрдің аузынан шыққан кейбір мәліметтердің растығына күмән келтірді.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты министрден бұйрықтың күші қашан жойылатынын сұрады.
– Мұрат Әбеновтің сұрағына берген жауабыңызда заң бұзғандарды лицензиясынан айырып, материалдарды тиісті органдарға жолдап жатқандарыңызды айттыңыз. Менің қолымдағы ақпарат бойынша, Жоғары аудиторлық палата қорытындысында заң талабын өрескел бұзған ондаған ЖШС бар. Солардың ешбірі лицензиясынан айырылмаған. Қатаң шара қолданылмаған. Бұл бұйрықтың күшін қашан жоймақшысыз, - деп сұрады Бақытжан Базарбек.
Министр депутат айтқан бұйрықтың жойылмайтынын қадап айтты.
– Сіз көтеріп отырған проблема – шынымен де жүйелікп проблема. Біз де жүйенің ашық болғанына мүдделіміз. Қордың да, медициналық ұйымдардың ашық есеп беріп отырғаны бізге де керек. №321 бұйырққа келсек, оның күшін жоймаймыз. 1 шілдеге дейін бұйрыққа өзгеріс енгіземіз. Біз сіз айтып отырған ақауларды көріп отырмыз. Ол ақаулар туралы материалдарды тиісті органдарға жолдаймыз. Қаржы есебінен тыс қалған қаражатқа келсек, сіз айтқан екінші бұйрықтың мәселесін де осы заң жобасының екінші оқлымына дейін бір шешімге келеміз деп ойлаймын, - деді министр.
Сондай-ақ ол Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында көрсетілген кемшіліктер бойынша Бас прокуратура, облыстық прокуратуралар сияқты тиісті органдарға материал жолдағанын қайталап айтты.
– Біздің тараптан кері байланыс ылғи да белсенді болмаған шығар. Бірақ бүгінде бұл мәселені бақылауға алдық, - деді Ақмарал Әлназарова.
Бұған дейін тағы бір Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов былтыр елдің денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттен шамамен 500 млрд теңге кем алғанын мәлім еткен еді.