Депутат Алматыда 40 қабатты кешен салуға қарсы

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв Алматыда Сейфуллин даңғылы мен Тимирязев көшесінің қиылысында салынып жатқан 40 қабатты ғимарат құрылысына қарсы шықты.

Депутат әлеуметтік желідегі парақшасында бұл аумақта зәулім мұнарадан бөлек тағы бес 10 қабатты үй салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Иә, түсінеміз: бұл шаршы метрлер, салықтар, жұмыс орындары ашылады. Бірақ дәл осы жерде осындай үлкен кешен тұрғызудың қажеті қанша? Құрылыс қала инфрақұрылымына орасан зор ауыртпалық түсіреді. Себебі бұл аудан онсыз да көлік кептелісіне жиі ұшырайды. Бұл аймақта онсыз да мектеп, аурухана жетпей жатыр, – деп атап өтті депутат. 

Оның айтуынша, халыққа демалыс орны, саябақтар, әлеуметтік нысандар керек. Сондай-ақ, депутат осыған дейін құрылыс компаниясының басқа жобасында әлеуметтік нысандар – мектеп пен аурухана тұрғызуға уәде бергенін еске салды. Бірақ уәде етілген нысандар әлі күнге дейін салынбаған.

— Бізге Кіші Алматы өзенінің бойындағы Жандосова көшесінен Өтепов көшесіне дейінгі 7,5 гектар аумақтағы 2,5 шақырым саябақты абаттандыруға, көгалдандыруға және дамытуға уәде берді. Ал біз не көріп тұрмыз? Жеке сектор бұзылған жоқ, ештеңе істелмеген: қалаға уәде етілген мектеп те, аурухана да, трансформаторлық қосалқы станция да жоқ. Өкінішке қарай, осы жерде де осындай жағдай бола ма деп қорқамыз, - деді депутат.

Қазір бұл жаңа жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Депутат Сергей Пономарёв жобаны қайта қарау керектігін айтып, қалалық билік өкілдерінің алдына нақты сұрақтар қоятынын жеткізді. 

Осыған дейін депутат Алматыда бюджеттен 1,5 млрд теңге жұмсап салынған крематорий Денсаулық сақтау министрлігіне керек болмай қалғаны туралы айтқан болатын.