Депутат ауыз сусыз ауылдар мәселесін «Қазақстан халқына» қоры арқылы шешуді ұсынды

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай Үкіметке сауал жолдап, ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштері туралы ресми деректердің шындықпен сәйкеспейтінін сынады. 

— Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қалалар ауыз сумен 99,3 пайызға, ауылдар 97,5 пайызға қамтамасыз етілген. Бірақ кейбір дереккөздерде еліміздегі 18 қала мен 469 ауылда таза су мүлде жоқ көрінеді. Болса да талапқа сай емес. Ең бір қызығы, ресми деректерде ауызсусыз ауылдар мен қалалар деген тізім еш жерде көрсетілмейді. Бұл шындықты жасыру ма, әлде көз алдау ма, — деп сұрады депутат.

Оның айтуынша, ауызсу мәселесі әсіресе жолы қиын шалғай ауылдарда өзекті.

— Ондай ауылдарда инфрақұрылым құрылысы үлкен шығындарды қажет ететіні белгілі. Бюджетке салмақ болатын мұндай елді мекендерді қайта саралап, ондағы тұрғындардың тұрмысын оңалту үшін қаржыландыруды тұрақты қамтамасыз ететін мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысандарын тартып немесе «Қазақстан халқына» қорынан қаражат бағытталса. Тіпті, халықаралық гранттарды да мүмкіндігінше бейімдей отырып, ауылдарда өмір сүрудің жоғары деңгейін қалыптастырып, ауыз судың мақсатты қорын құру сөзсіз бәсекелестіктің бірегей үлгісі болар еді, — деді ол.

Бұған дейін қазақстандықтар ауызсудың төлемін жаңа әдіспен төлей бастайтынын жазған едік