Депутат Б. Сыздықова Білім күнін демалыс ретінде жариялау туралы бастама көтерді

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақыт Сыздықова қыркүйектің 1-і - Білім күнін демалыс ретінде жариялау туралы бастама көтерді. Депутат осы мәселені қамтыған сауалын Үкімет басшысының атына жолдады.

«Кеше ғана бүкіл ел болып Білім күнін мерекеледік, барлық мектептерде алғашқы қоңырау сыңғырлады. Соңғы уақытта қыркүйектің 1-і тек мектептерде ғана емес, мектепке дейінгі мекемелерде де атап өтілетіні байқалады. Жыл сайын көптеген азаматтар осы айтулы күнді баласымен бірге өткізу үшін жұмыс орындарынан сұранып жатады. Соның салдарынан көптеген ұйымдар толық емес жұмыс күшімен қызмет етуге мәжбүр», деді депутат. Оның айтуынша, Білім күні баяғыда-ақ отбасылық мерекеге айналып үлгерген. «Осыған орай, қыркүйектің 1-ін жұмыс емес, демалыс күні етіп жариялауды сұраймын. Бұл көптеген азаматтардың мүддесіне сай келеді», - деді Б. Сыздықова.