Депутат білім беру, денсаулық сақтау, ғылым саласындағы нысандар мемлекеттік меншікте болуы керек деп есептейді

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат/Айдын Бәймен/ - Бүгінгі таңда өз мақсатында пайдаланылмай бос тұрған немесе жалға, сенімділік басқаруына берілген бұрынғы балабақша, зертхана, шеберхана, жатақхана, тағы сондай ғимараттар, ол жерде білім беру немесе денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс жасап тұрмаса, жекешелендіруге жататын болып тұр.

Осы пікірді бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова айтты. Ол осы мәселеге қатысты ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутаттың айтуынша, 1997-1999 жылдары білім саласын оңтайландыру барысында коммуналдық меншіктегі 1600 білім саласының ұйымы жекешелендірілді. Ал мектепке дейінгі мекемелердің желісін оңтайландыру кезінде 8526 балабақшаның 7368-і (немесе 87 пайызы) босап қалды, одан кейін олар жабылды да, ғимараттары жалға берілді немесе жекешелендірілді. Жекешеленгеннен кейін бұл нысандар өз саласы бойынша пайдаланылмады, нәтижесінде білім беру жүйесі осыншама ғимараттарды жоғалтып, бүгін елімізде тек 1773 балабақша ғана қалды.«Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау, ғылым саласындағы нысандар, олардың кімнің балансында екеніне және қандай мақсатта пайдаланып отырғанына қарамастан, мемлекеттік меншікте болуы керек деп есептейміз»,- деді депутат Г.Сейітмағанбетова.