Депутат: Бір нотариус 2 күнде 33 мың атқарушылық жазба рәсімдеген

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары Болатбек Нәжметдинұлы мен Бақытжан Базарбек прокурорлық тексеру қорытындысына сүйеніп, нотариустардың атқарушылық жазбаларды заңсыз рәсімдеу статистикасын атады.

Фото: Мәжіліс

— 1000 нотариусы бар Алматыда 15 қана нотариус тек үш қаржы ұйымының пайдасына 20 млрд 300 млн теңгенің 133 мыңнан астам атқарушылық жазба жасаған.

Тағы бір нотариус 600 млн теңгені коллектордың шотын аударып жіберген. 7,7 млрд теңгеден астам сомаға 39 мыңнан астам заңсыз атқарушылық жазба жасалған. Тіпті бір нотариустың микроқаржы ұйымымен бірге 2 күннің ішінде 33 мың атқарушылық жазба жасағаны анықталған. 2 күннің ішінде 33 мың адамның құжатын бір нотариус қана қалай тексерген? Әр минут сайын 11 құжат, бес секунд сайын бір жазба рәсімдеген деген сөз. Әлде нотариус деген атқарушылық жазбаларды рәсімдейтін конвейерге айналып кеткен бе, әлде баспахана ма бұл? Ал ол жазбалардың әсерінен адамдардың шоттары бұғатталады, мүліктеріне шектеу қойылады. Сондықтан атқарушылық жазбаларды автоматты түрде үлестіретін «барабан» тетігін енгізу керек деп есептеймін, — деді депутат.

Ал Бақытжан Базарбек нотариустар қолдан жасалған атқарушылық жазба үшін микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардан орта есеппен 5 мың теңгеге дейін ақы алатынын айтты. 

— Нотариустар дәл өздерінің қызметін пайдаланып, басқа нотариустарға бармағаны үшін табысының жартысын қаржы ұйымдары мен корректорларға аударып отырған. Нотариус қызметтерінің, үшінші тұлғалардың шоттарына аударым жасау арқылы, қолма-қол ақшалай беру арқылы «сыйақы» төлеп отырған. 3 жылдың ішінде осындай нотариустар микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға 400 млн теңге аударған, — деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында нотариустарды лицензиядан айыру тетіктерін кеңейтетін заң жобасы мақұлданды